"Әділет" Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы жиналысының
Х А Т Т А М А С Ы
Шымкент қаласы "16" маусым 2010ж.
Қатысқандар саны: 34
КҮН ТӘРТІБІ: 1.
"Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдары қарқынды индустриалдық-инновациалық дамуының Мемлекеттік бағдарламасын" жетілдіру жөнінде "Әділет" партиясының ұсыныстары. 2.
Әр түрлі мәселе.
Тыңдалды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша "Әділет" Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Иманбердиев Ержан Нарымбайұлы сөз алды.
Үкімет бекіткен ҚИИД (Қарқынды индустриялық-инновациялық даму) бағдарламасы қазақстандық экономиканы ауқымды түрде модернизациялауды, өндіріс қуаттарын жаңа технологиямен жасақтауды, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейтін және осыны өзінің басты мақсаты етіп қойған жалпыұлттық бағдарламаның талаптарына сәйкес келмейді.
Қолданыстағы ҚИИД бағдарламасы кездейсоқ инновациялық жобалардың жиынтығы күйінде қалып қойған. Ол жобалардың көпшілігі қазір жүзеге асырылу үстінде және оларға ҚИИД бағдарламасының ешбір қатысы жоқ деуге болады. ҚИИД бағдарламасы мемлекет қаржысын қазақстандық экономиканың стратегиялық басым бағыттарын жеделдетілген ғылыми-техникалық ілгерілетуге жұмылдырудың орнына, бағдарлама ол ресурстарды елімізді қарқынды индустриалық-иновациялық дамуына ешқандай қатысы жоқ басқа бағыттарға бұруға, сөйтіп, қаржыны шашыратуға жол береді.
ҚИИД бағдарламасындағы жүйелі қателіктер Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік стратегиялық жобалау жүйесі туралы" қаулысында қойылған негізгі талаптарға жеткілікті түрде мән бермеудің және стратегиялық құжаттарды жасауда тұтас экономикалық байланыс пен реттілікті ескеру қажеттігін назарға алмаудың арқасында мүмкін болып отыр.
Мемлекеттік стратегиялық жобалау жүйесін қамтамасыз етуді дұрыс жолға қойылмауы және оның ғылыми-әдістемелік негіздерінің болмауы, сонымен қатар стратегиялық жобалау саласы мен салалық министрліктердің, өңірлік басқару органдарының орта және жоғарғы буындарында кәсіби мамандардың жетіспеуі – ҚИИД бағдарламасының сапасын сын көтермейтіндей болып шығуына тікелей әсер еткен.
Бағдарламаны жасаушылар Кедендік Одақ (КО) және болашақта құрылуы тиісті біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) жағдайында қазақстандық экономика түбірлі өзгерістерге ұшырайтынына мән бермеген. Ол кезде одаққа кірген елдердің экономикасын технологиялық тұрғыда жаңарудың ортақ стратегиясын жасау және бірлесе отырып бәсекеге қабілетті экономиканы құру, ол үшін өндірістің негізгі салаларын дамытуды өзара келісіп отыру сияқты талаптар өмірге келетін болады.
Осы айтылған мәселелерді ескере отырып, "Әділет" партиясы ұсынады: 1)
ҚИИД бағдарламасының құрамы мен құрылымын толықтай қайта жасақтау, оның құрамынан бітіру жұмыстары 50 пайыздан төмендеген жобаларды шығарып тастау. Себебі, ҚИИД бағдарламасының ол жобаларға ешқандай қатысы жоқ. 2)
ҚИИД бағдарламасынан қазақстандық экономиканы қайта индустриялауға қатысы жоқ секторлық бағдарламаларды – шағын бизнесті қолдау (өз алдына шағын кәсіпкерліктің ерекшеліктері толық ескерілген бөлек бағдарлама жасалуы тиісті), туризмді дамыту, демалыс аймақтарын дамыту секілді жобаларды алып тастау. 3)
Аймақтарды дамыту және өндіргіш күштерді орналастыру, "дамушы полюстерді" құру, арнайы экономикалық аймақтар құру – бұлардың барлығы да өндіргіш күштерді орналастыру мен дамыту схемасы деп аталатын, ҚИИД бағдарламасына қарағанда әлдеқайда жоғарғы деңгейдегі құжатта қаралуға тиісті мәселелер. ҚИИД бағдарламасы ол сұрақтарды шеше алмайды әрі шешуге міндетті емес. 4)
Мемлекеттік стратегиялық жобалау жүйесін ғылыми-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету жұмыстарын жандандырып, стратегиялық құжаттарды дайындаудың толыққанды әдістемелік құжаттарын даярлау қажет. Онда барлық түсініктердің анықтамалары нақты мағынасында көрсетілуі тиіс. 5)
Еліміздің экономикалық жағдайын кәсіби деңгейде талдап, оның технологиялық даму деңгейін бағалау үшін бір мезгілде барлық машиналар мен құралдардың, жұмыс орындарының тізімін жасап шығу қажет. Өндіргіш күштердің қуаты мен жұмыс күшінің баланстық (тепе-теңдік) есебін жасау қажет. Экономиканың салалық бағыттарының дамуына және аймақтардың даму барысына тұрақты түрде статистикалық зерттеулер жүргізіп отыру қажет. 6)
ҚИИД бағдарламасының мақсатына жеткен-жетпегенін айқындайтын көрсеткіштер оның бағасымен емес, нақты тауарлық және шығын көлемімен өлшенуі қажет. Мысалы, 1 квт.сағат электр энергиясына кететін отынның мөлшері, бір өнімді шығаруға кететін нақты материалдық және еңбек ресурстарының шығындары, өндіріс қуаты қолданылуының коэфиценті және басқа да ағымдағы бағаға тәуелді емес нақты көрсеткіштер арқылы. 7)
Стратегиялық тауарлар мен қызмет түрлеріне қойылатын бағалар мен тарифтерге қатаң мемлекеттік бақылау орнату қажет, себебі, бағалар мен тарифтердің әркелкі болуы инновациялық дамуға кері әсерін тигізеді. 8)
Мемлекеттің қатысуындағы ұлттық компаниялардың қаржысын қолдануды қатаң бақылауға алу қажет. Ұлттық компаниялардың кірісі мен шығысының басты бағыттарын еліміздің бюджетінің бір тармағы ретінде қарастырып, қажет болған жағдайда ұлттық компаниялардың тиімсіз қолданылып жатқан қаржысын басқа инновациялық жобаларды қаржыландыруға қарай бұру қажет. 9)
Еліміздің стратегиялық салаларының экономикалық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар екенін ескере отырып, тиімсіз жұмыс жасап жатқан өндірістерді мемлекетке қайтарып алу мүмкіндігін алдан ала ескеру қажет. Ондай тиімсіз өндіріс қатарына негізгі құрал саймандарды тоздырған, түскен пайданың басым бөлігін дивиденттерді ғана төлеуге жұмсайтын, моралды тұрғыда әбден ескірген технологияны жаппай енгізуші және т.с.с. өндірістерді жатқызамыз.
"Әділет" партиясы ҚИИД бағдарламасы өзіне жүктелген міндет пен үмітті ақтай алмайды деп санайды. Оны жүзеге асыру барысында еліміз тұрақты даму траекториясына шыға алмайды. Ол ондай дамуды және оны одан әрі нығайтуды қамтамасыз ете алмайды. Бұл бағдарлама – "Қазақстанды дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне алып шығу бағдарламасы" деп аталғанымен, шын мәнісінде, қоғамдық сананы шатастыру болып отыр.
Біз, осы айтылған ескертулердің негізінде, ҚИИД бағдарламасын түбірімен қайта жасап шығу қажет деп есептейміз. Тек сонда ғана, ол бағдарламаның Қазақстан Республикасы Президенті талап еткен "ел экономикасын сапалы модернизациялау қажеттілігі" міндеттері тұрғысынан қайта қаралуына және талқылануына мүмкіндігі бар деп санаймыз.
Сөз алды:
"Әділет" Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Мақтаарал өңірі бойынша жетекшісі Манахов Абурайра өз сөзінде: "Әділет" партиясының төрағасының бірінші орынбасары Т.С.Сыдықтың Партияаралық Кеңестің 26 мамыр 2010 ж. отырысында "Қазақстан Республикасын 2010-2014 жылдарға арналған қарқынды индустриалық-инновациялық дамудың Мемлекеттік бағдарламасын жетілдіру" жөнінде баяндамасын тыңдай отырып осы сыни-пікірлерге қосыламыз" -деді. 1.
"Әділет" партиясының төрағасының бірінші орынбасары Т.С.Сыдықтың пікірлері бағдарламадағы негізгі, кезек күттірмейтін мәселесіне ұсыныстар айтқан. 2.
Ұсыныстар нақты, дәлелді фактілерді келтіре отырып,өз уақытында айтылған.. 3.
"Әділет" Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының мүшелері осы сыни-пікірлерді қолдаймыз.
Қаулы етілді:
"Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдары қарқынды индустриалдық-инновациалық дамуының Мемлекеттік бағдарламасын" жетілдіру жөніндегі "Әділет" Демократиялық партиясының ұсыныстарына қолдау көрсетеміз.
"Әділет" Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Е.Н. Иманбердиев
Хатшы: Ұ.Ғ. Маймақова